Астана қ., Қорғалжын тас жолы 13/5

2023 ЖЫЛҒЫ «ҮЗДІК ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕР» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 18 ақпандағы N 407-IV «Ғылым туралы» заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің тарапынан ғалымдарды қолдаудың кезекті шарасы жыл сайынғы «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығын тағайындау болды. Ол ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдарды, ғылыми қызметкерлерді қолдауға бағытталған.
Конкурсқа қатысуға өтінімдер осы конкурс үшін арнайы құрылған және автоматты түрде тоғыз өлшемшарт бойынша балдары бар ақпараттық жүйе арқылы қабылданды. Бұл байқаудың ашықтығы мен транспаренттілігін қамтамасыз етті. Ғылыми жетістіктерді бағалау критерийлері ғылыми және сараптамалық қауымдастықпен бірге жасалды. Байқаудың барлық қатысушысы өтінім беру кезеңінде өз балдарын көре алды. Оларды Республикалық конкурстық комиссия қарады және сараптамалық топтар ұсынылған құжаттардың бекітілген критерийлерге сәйкестігін секцияларда тексерді. Комиссия мен сарапшылар тобының құрамында жетекші ғалымдар, тәуелсіз сарапшылар, мемлекеттік органдардың өкілдері және Жас ғалымдар кеңесінің мүшелері жұмыс істеді.
Конкурсқа қатысу үшін 7 бағыт бойынша барлығы 307 өтінім келіп түсті: «Жаратылыстану ғылымдары», «Инжиниринг және технологиялар», «Медицина және денсаулық сақтау», «Әлеуметтік ғылымдар», «Гуманитарлық ғылымдар және өнер», «Ауыл шаруашылығы және ветеринария ғылымдары» және «Әскери ғылымдар және ұлттық қауіпсіздік».
Конкурс нәтижесінде «Ауыл шаруашылық және ветеринария ғылымдары» бағыты бойынша «QazBioPharm» Ұлттық холдингі» АҚ бас директорының ғылым, коммерцияландыру және өндіріс жөніндегі орынбасары Рсалиев Аралбек Сырашұлы үздік көрсеткіш көрсетіп, жеңімпаз атанды.
Аралбек Сырашұлын аталған жеңісімен Холдинг ұжымы атынан шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да ғылым жолындағы биік шыңдарды бағындыра беріңіз!