2024 жылғы 29-30 қаңтар аралығында «QazBioPharm» Ұлттық холдингі» акционерлік қоғамында Ғылыми-технологиялық кеңестің отырысы өтті
Кеңестің негізгі мақсаты – Холдингтің еншілес ұйымдарында жүргізіліп жатқан ғылыми-өндірістік жұмыстардың тиімділігін арттыру, дамыту және үйлестіру.
Бұл шараға Холдингтің және еншілес ұйымдардың басшылары, ғылым жөніндегі орынбасарлары қатысып, 2023 жылы ғылым, өндіріс, мамандарды даярлау және тағы басқа бағыттар бойынша қорытынды нәтижелері талқыланды. Сондай-ақ еншілес ұйымдарда 2024 жылы атқарылатын жұмыс жоспарлары пысықталды.
Кеңесте келесі мәселелерге назар аударылды:
— Еншілес ұйымдарда қолданбалы және іргелі ғылымдар бойынша зерттеу жұмыстарын жетілдіру;
— Биологиялық қауіпсіздік саласында қызмет ететін мамандардың біліктілігін арттыру;
— Ғылыми нәтижелерді (жаңа технологиялар, әзірлемелер, препараттар) өндіріске енгізу және коммерцияландыру бойынша жұмыстарды жүйелеу;
— Еншілес ұйымдарда өндірілетін аса қауіпті инфекцияларға қарсы иммунды-биологиялық препараттар мен ауру қоздырғыштарын баламалау тест жүйелерінің саны мен көлемін ұлғайту;
— Еншілес ұйымдардың инфрақұрылымын жақсарту, заманауи ғылыми және өндірістік құралдармен жабдықтау;
— Биологиялық қауіпсіздікті сақтау, ғылым мен технологияны дамыту, қоғамның биофармацевтикалық өнімдерге қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында халықаралық байланысты арттыру.
Жиын соңында Кеңес төрағасы Ерғали Абдураимов жоғарыда айтылған мәселелердің орындалуын қадағалауды және Кеңес мүшелеріне 2024 жылға еліміздегі биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ғылым мен өндірісті дамыту бойынша нақты міндеттер жүктеді.