2024 жылғы 31 шілдеде «QazBioPharm» ұлттық холдингі» АҚ Қазақстан Республикасы Президентінің ғылым және инновациялар мәселелері жөніндегі кеңесшісі К.Д. Закарья, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ә. С. Қуантыров, ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитетінің төрағасы Ғ. Оспанқұлов және Холдинг басшылығының Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Чжан Сяо мырзамен ресми кездесуі өтті.
Кездесудің негізгі мақсаты — биотехнология, геномдық технологиялар, молекулярлық диагностика саласындағы жетекші қытайлық компаниялармен қазақстандық ғылыми орталықтар арасындағы әріптестікті нығайту, ынтымақтастықты ілгерілету.
Кездесу аясында Холдинг пен қытайлық Beijing Genomics Institute (BGI) компаниясы арасындағы серіктестік жайлы, сондай-ақ екі жақтың ғылыми бағытта нәтижелі жұмыстар атқарып жатқаны айтылды.
Бұдан басқа екі ел арасындағы ғылыми әлеуетті одан әрі дамыту мақсатында биотехнология, биологиялық қауіпсіздік, ветеринария саласындағы кадрларды даярлау, медицина саласындағы зерттеулер және ғылыми жобаларға инвестиция тарту және т.б. мәселелер талқыланды.
Сонымен қатар Қытай Халық Республикасының Елшісі Холдингтің еншілес ұйымы Ұлттық биотехнология орталығының базасында BGI компаниясымен бірлесіп ашқан, заманауи құралдармен жабдықталған, генетикалық, онкологиялық ауруларды қоса алғанда, түрлі ауруларды диагностикалаудың инновациялық әдістерін әзірлеуге арналған Astana Genomic Centre (AGC) генетикалық зертхананың жұмысымен танысты.