«QazBioPharm» ұлттық холдингі» АҚ мен француздық «Boehringer Ingelheim Animal Health France» компаниясы арасындағы лицензия, жеткізілім және серіктестік туралы келісімге қол қойылды
2024 жылғы 16 қаңтарда Француз Республикасы, Париж қаласындағы Қазақстан Республикасының Француз Республикасындағы Елшілігінде «QazBioPharm» Ұлттық холдингі» АҚ (бұдан әрі — Холдинг) мен «Boehringer Ingelheim Animal Health France» (бұдан әрі — BIAH) компаниясы арасында лицензия, жеткізілім және серіктестік туралы келісімге қол қойылды.
Аталған келісім нәтижесінде екі ел арасындағы денсаулық, ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың одан әрі нығайа түсері сөзсіз. Бұл еліміздің болашағы үшін маңызды қадамдардың бірі.
Ынтымақтастықтың бұл түрі вакцинаны тиімді өндіруді қамтамасыз ету үшін екі компанияның да күшті жақтарын пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде нарықты жұқпалы аурумен күресу үшін сапалы препаратпен қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Бүгінгі ынтымақтастық бойынша Қазақстан ХЭБ стандарттары бойынша аусылдың алдын-алу мүмкіндігіне ие болады және етті шетелдік нарыққа, оның ішінде ЕО елдеріне экспорттау мүмкіндіктері ашылады.
Лицензия, жеткізілім және серіктестік туралы келісімге қол қоюға екі елдегі Мемлекет басшылары, Француз Республикасындағы Қазақстан Республикасының Елшілігі, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі және Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі орасан зор қолдау білдірді.
Осы орайда Қазақстан-Франция арасындағы Стратегиялық келісімге биыл 16 жыл толады. Сондай-ақ 2023 жылғы 1 қарашадағы Франция Республикасының Президенті Эмманюэль Макронның сапары аясында Мемлекет басшысы өз сөзінде «Франция Қазақстанның Еуропадағы өте маңызды әрі сенімді серіктесі ретінде және достық пен өзара қолдауға негізделген осы ынтымақтастықты одан әрі нығайту – ортақ міндетіміз» — деп атап өткен болатын. Бүгінгі келісім осы мәлімдеменің айқын көрінісі болып отыр.