«QazVac: Тайталас» кітабын ресми түрде Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасына табыстау рәсімі туралы
2024 жылғы 14 наурызда «QazBioPharm» ұлттық холдингі» акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен «QazVac: Тайталас» кітабын Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасына ресми түрде табыстау рәсімі өтті.
Шараға «QazBioPharm» ұлттық холдингі» акционерлік қоғамының бас директорының ғылым, коммерцияландыру және өндіріс жөніндегі орынбасары — Аралбек Рсалиев, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Ғазиза Нұрғалиева және кітапхана өкілдері қатысты.
Холдингтің бас директорының орынбасары Аралбек Рсалиев, кітапта отандық вакцинаны жасау қашан, қалай басталғаны, бұл жолда қандай қиындықтармен бетпе-бет келгені, тәуекелге бел буған шешімдер қалай қабылданғаны және қандай жетістіктерге қол жеткізілгені туралы, сондай-ақ отандық вакцинаны жасауда кәсіби шеберліктің жоғары деңгейін көрсеткен қазақ ғалымдарының ерлігін насихаттауға басымдық берілгенін айтты.
Сонымен қатар кітапхана басшысы Ғазиза Нұрғалиева, «QazVac: Тайталас» кітабының кітапхана арқылы қалың оқырмандарға кеңінен насихатталатынын жеткізді.«QazVac: Тайталас» – Covid-19 пандемиясы кезінде Холдингтің еншілес ұйымы Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының отандық «QazVac» вакцинасын қалай әзірлегендігі баяндалған деректі публицистикалық кітап.
Бұл туындының идея авторы пандемия уақытында Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының бас директоры болған және «QazVac» вакцинасын әзірлеген ғалымдар тобына жетекшілік еткен – Күнсұлу Закарья.
Кітаптың негізгі мақсаты – пандемия кезіндегі ғалымдардың жанкештілігін қалың көпшілікке жеткізу, әрі қазақ ғылымын қоғамға кеңінен насихаттау.