Астана қ., Қорғалжын тас жолы 13/5

Көрнекті ғалым, профессор Жайлаубай Қыдырбаев 77 жасына қараған шағында мезгілсіз дүниеден өтті

Көрнекті ғалым, профессор Жайлаубай Қыдырбаев 77 жасына қараған шағында мезгілсіз дүниеден өтті.

Жайлаубай Қыдырбаев – саналы ғұмырын вирусология, патологиялық анатомия салаларына арнап, ғылымға өлшеусіз үлес қосқан көрнекті тұлға.

Өмірінің соңына дейін ғылымнан қол үзбей, соңғы жылдары ірі қара, ұсақ мал және адам бруцеллезіне қарсы векторлық вакциналарды әзірлеуге қатысты. Сондай-ақ Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының «Індеттік аурулардың профилактикалық» зертханасын басқарды.

Ғұмырын ғылыммен қатар ұстаздыққа да арнаған ғалым елімізге сапалы кадрлар дайындауда айрықша қызмет етіп, мыңдаған жетекші мамандар даярлап шықты.

Жайлаубай Қыдырбаев 200-ден аса ғылыми еңбектің, оның ішінде 36 жоғары рейтингті халықаралық журналдарда жарияланған, 37 өнертабыстың және 24 нормативтік вакцина құжаттарының тең авторы.

Сонымен қатар профессор Ж. Қыдырбаев үй құстары мен ауыл шаруашылығы жануарларының қауіпті вирустық ауруларына қарсы вакциналарды, оның ішінде А/H5N1 Kazfluvac және А/Н1N1 Refluvac пандемиялық тұмауына, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласына арналған Kazfluvir маусымдық тұмауына қарсы вакциналарды дайындау технологияларын әзірлеуге арналған нысаналы республикалық ғылыми-техникалық бағдарламалардың бірқатар жобаларына жетекшілік етті және орындауға тікелей қатысты, аталған вакциналар Қазақстан, Ресей ғылыми орталықтарында клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтардан сәтті өтіп, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде тіркеуге алынды.

Ел Үкіметі Жайлаубай Қыдырбаевты сіңірген еңбегін жоғары бағалап, оны 2019 жылы «Құрмет» орденімен, ҚР БҒМ «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудағы сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен (2016) марапаттап, ҚР БҒМ Ғылым мен техниканың дамуына зор үлес қосқан ғалымдар мен мамандарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендия тағайындады (2013-2014), «Ғылым көшбасшысы» тәуелсіз сыйлығының лауреаты атанды (Thomson Reuters).

Осынша қажырлы еңбегі, қазақ ғылымына қосқан зор үлесі келешек ғалымдарға мол мұра болып қала бермек.

Жайлаубай Қыдырбаевтың өз ісінің кәсіпқой маманы, ғылымның жанашыры ретіндегі жарқын бейнесі мәңгі есімізде қалмақ.

Осы орайда «QazBioPharm» ұлттық холдингі» акционерлік қоғамы ұжымы Жайлаубай Қыдырбаевтың қайтыс болуына байланысты отбасы мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып көңіл айтады.